«Нұр себеле, Ұлыстың ұлы күні». Наурыз мерекесі – мұсылмандарда өте көнеден келе жатқан мейрамдардың бірі. Күнмен түннің теңелуін білдіретін бұл күндері ел ескісінен арылып, айналасын жаңартып, қыстан аман–есен шыққанын, көктемнің келуін тойлаған.

Ата-бабамыздың танымында «наурыз» адам мен табиғаттың жаңаруы, жаңа өмірдің бастамасы ретінде қабылданған. «Наурыз» айы жаңа жыл басы. Наурыз - достық, еңбек, бейбітшілік мерекесі. Ұлыстың ұлы күні адамдар бір-біріне деген ренішін ұмытып өзіне де, өзгеге де жақсылық тілеген.

Қазақ халқында ерекше тойланатын бұл мереке Облыстық жасөспірімдер үйінде де аталып өтті. Мереке күні жасөспірімдер үйінде Жастар ресурстық орталығының маманы Т.Поштабаеваның қатысуымен бірлескен мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. Атына сай іс-шарада ұлттық салт-дәстүрімізді насихаттауға бағытталған «Тұсаукесер» көрінісі қойылды. Аталмыш қойылымның ерекшелігі Жасөспірімдер үйінен түлеп ұшқан тәрбиеленуші түлегі Д.Қалиеваның қызы Аяулымның тұсау кесу рәсімі шынайы түрде өткізілді. Соңынан арқан тартыс, асық ату секілді спорттық ойындармен жалғасын тапты. Мерекелік ақ дастархан тек ұлттық тағамдармен, сондай-ақ наурыз мейрамының символына айналған балдай дәмді наурыз көжеден дәм татқызылды. Мерекеде қонақ ретінде шақырылған ардагер ұстаз, ақ жаулықты ана, әжелер құттықтау сөздерімен қатар алғыс-тілектерін айтып, баталарын берді.